"Ақмола облысы білім басқармасының Ерейментау ауданы бойынша білім  бөлімі Еркіншілік ауылының жалпы орта білім беретін мектебі" коммуналдық мемлекеттік мекемесі
Коммунальное государственное учреждение «Общеобразовательная школа села Еркиншилик отдела образования по Ерейментаускому району управления образования Акмолинской области"

Ұйымдар тізімі

Галерея

Смотреть все>>>

БІЛІМ ШЫРАҒЫН ЖАҚҚАН ҰЛЫ ПЕДАГОГ - ЫБЫРАЙ АЛТЫНСАРИННІҢ ШЫҒАРМАЛАРЫ БІЛІМ МЕН ТӘРБИЕНІҢ КӨЗІ

24.10.2021

Исатаева Бакит Гапбасовна
"Ақмола облысы білім басқармасының Ерейментау ауданы
бойынша білім бөлімі Еркіншілік ауылының жалпы орта
білім беретін мектебі" коммуналдық мемлекеттік мекемесінің география пәнінің мұғалімі, мектеп директоры.
 
​Әр халықтың болашаққа бет алған тарихи даму жолында өшпес жұлдыздай болып есімі ерекше аталатын ірі тұлғалары болады. Соның бірі қазақ cахарасында өмір сүрген, халықтың данышпан перзенті, даланың дара ұстазы - Ыбырай Алтынсарин. Педагог ұстаз - халықтың өмірінде, тарихында орны бөлек, өз өмірін халық тағдырымен бөліп қарай алмайтын ерекше нұрлы ғұмырлардың бірі болды. Тарихтың соқпағынан халық өз даналығымен, ерлігімен мұқалмас үміт арманымен өтеді десек, сол жолға қосқан үлесі ерекше тұлғалар кейінгі ұрпақтың үлгі - өнегесіне, мақсатына айналды. Сол ерекше тұлғалардың бірі - Ы. Алтынсарин десек еш қателеспейміз.
Ыбырай-өз заманының ірі қоғам қайраткері. Өнер-білімнің қандай жолға апаратының, оқуға, мұратқа жеткізетіндігін қазақ даласына паш еткен дара ұстаз ретінде танимыз.
​Ұстаз бүкіл өмірін қазақ балаларын оқытуға жұмсады. Сол мақсатпен алғаш рет балаларға арнап мектеп ашып, оқулық жазып, халық ағарту жолында қызмет етті, жазба әдебиетінің негізін салуға үлкен үлес қосқан этнограф-ғалым. Оның - " Қазақ хрестоматиясы" деп аталатын ана тіліміздегі тұңғыш оқулықтың авторы. Бастауыш сыныптардан етене таныс, әрі ыстық "Кел, балалар, оқылық!" өлеңі - "Қазақ хрестоматиясының" беташар өлеңі болды. Жазылғанына бір ғасырдан астам уақыт өтсе де, жас жеткіншектерді білімге, өнерге шақырған бұл өлеңнің маңызы, бір кезде Ыбырай армандаған "өнер - білімі бар жұртқа" - терезе тең, шаңырағы биік, мәдениеті озық елге айналып отырған бүгінгі заманда да еш төмендемек емес. Қайта халқымен бірге жасасып, ұлы ағартушының арман - сәлемін жақсы күндерге жеткізген бұл тарихи туындының кеңестік дәуірде жаңа мәнге ие болып, бүгін де бұдан бір ғасырғыдай:
      Кел, балалар, оқылық,
      Оқығанды көңілге
      Ықыласпен тоқылық! - деп өзінің тот баспас, мәңгі тозбас, озық халықтық идеясымен бүлдіршіндерді білім шыңына шақыра бермек.
​Ыбырай Алтынсарин орыс классиктерінің балаларға арнап жазған шығармаларын қазақ тіліне аударған аудармашы ретінде ғана емес, қазақ жазба әдебиеті тарихында тұңғыш прозаик ретінде де белгілі. Олай дейтін себебіміз, Ыбырайға дейін шын мәнінде көркем проза қазақ жазба әдебиетінде қалыптаспаған еді. Мазмұны жағынан Ыбырай әңгімелері өз заманының келелі мәселелерін қамтиды. Оның шығармалары жас ұрпақты мейірімділікке, адалдыққа, ізеттілікке, ақылдылық пен білімділікке ізгі қасиеттерді үйретуге шақырады.
​Уақыт өткен сайын қадір - қасиеті арта түсетін даналар болатындығын жұртшылық ежелден - ақ мойындаған. Ыбырай сол тұрғыдан дара адам. Ағартушы - педагогтің еңбектеріне бойлаған сайын бүгінгі ұрпақ ұлы ұстаздың білімге шақырған ұранды үнін ғана емес, оның оқыту саласындағы даналық ақылын терең меңгеріп, нұсқаған тағылымдарындағы теориялық ойларға қаныға береді. Тәлім - тәрбие мен білім беру, бір жағынан, оқулықтар мен оқу құралдарына және педагогикалық тәжірибелерге тәуелді екенін терең сезінген Ыбырайдың бұл салада да тиісті талпыныстар жасағанын байқарлық деректер мол. Ыбырай еңбектері - жалпы адам баласын оқу, еңбек, білім, адамгершілікке тәрбиелеуде мол мүмкіндік беретін дидактикалық құрал.
​Жазушының шығармаларын оқи отырып, өз заманының беталысын анық аңғарғанын, халық өмірін жаңа арнаға салуда білім мен тәрбие мәселесі қатар жүру керектігіне назар аударғанын көруге болады. Оның әңгімелерінің негізгі қайнары халық тұрмысынан алынған. Өмірді, адам әрекеттерін ешқашан дағдыдан тыс әсірелеп суреттеп, шындықтан алшақтамаған. Кейіпкерлерді шынайы өмірге тән әрекеттері арқылы бейнелеуді мақсат тұтты. Әңгімелерін тақырып жағынан еңбек пен өнерге баулитын және адамгершілікке тәрбиелейтін шығармалар деп екі топқа бөліп қарастыруға болады.
​Ыбырай шығармаларының басты тақырыбы - еңбек. Ол еңбек адамның өмірі үшін ерекше маңызды рөл атқарады, еңбексіз өнер де, білім де, қолға келмейді деп еңбекті бірінші орынға қойып, тәрбие негізі адал еңбекте деп тұжырым жасайды. Оның бұл тақырыпта жазған көптеген әңгімелері бар. Мысалы: "Өрмекші, құмырсқа, қарлығаш", "Бай баласы мен жарлы баласы", "Қыпшақ Сейітқұл". Жазушының бір топ әңгімелері адамгершілік тәрбие мәселесіне жазылған. Адамзат баласы шыр етіп жерге түскеннен бастап ата - ананың аялы алақаны мен ыстық ықыласына бөленіп өсетіні белгілі. Ата - ана баласына небір асыл қасиеттерді үйретіп, жақсы азамат болуын тілейді және үміттенеді. Бұл тақырыпта да жазған шығармалары бар. Мысалы:
"Асыл шөп"," Бақша ағаштары", "Таза бұлақ" т.б. Әр әңгімесінде тәрбиенің ізі жатыр. Оны түсініп оқыған адам ғана ұлы ұстаздың шебер тәрбиеші екеніне көз жеткізеді.
​Ыбырай шығармалары қысқа мазмұнды, балалардың түсінуіне жеңіл. Аз сөзге көп мағына сыйғызу, мақал - мәтел мен афоризмдерді орынды қолдану, әр әңгіменің тағылымдық мәніне ерекше көңіл аудару Ыбырай шығармаларының өзіндік ерекшеліктері. Шығармалары мазмұны жағынан да, түрі жағынан да балалар әдебиетіне қойылатын талапқа сай келеді. Сондықтан да Ыбырай Алтынсаринді балалар әдебиетінің негізін салушы дейміз. Ыбырай Алтынсарин ағартушылық тарихында және ұлттық мектептің қалыптасуына терең із қалдырды.
​Ыбырай салған сара жол- бұл күндері қанатын кеңге жайған, тамырын тереңге жіберген, экономикасы мен мәдениеті дамыған тәулсіз Қазақстан Республикасының білім шаңырақтарында жалғасын табуда. Бүгінгі күнге дейінгі жеткен тәрбиелік мәнінің мазмұны әлі де мектеп бағдарламасында  қолданыста. Небәрі жарты ғасырға жуық өмір кешкен ұстаздың еңбегі жан-жақты зерттеліп, туған халқының керегіне жарауда.
​180 жыл бұрын қазақ еліне ұлы педагог, дара тұлға Ыбырай Алтынсарин дүниеге келді.
Қазақ даласындағы алғашқы ағартушы- педагог Ыбырай Алтынсариннің 180 жылдық мерейтойы ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр.
Бұл, біз үшін үлкен мереке!
          Ғажап-ау, Ыбеке, осы мықтылығың,
         Жарқырап тағы қайта шықты күнің.
         Басыңнан сырып тастап уақыт жүгін,
         Тапжылмай тас тұрғыда тұрсың бүгін, - деп айтқан екен ақын Ғафу Қайырбеков, шыныңда да ұлы тұлғаның шығармалары бүгінгі жас жеткіншектер үшін өте маңызды. Біздің мектептің оқушылары да ақын шығармаларын қызыға оқып, мектепішілік, сыныптық іс-шараларын өткізгенде қызығушылық танытып, белсенді қатысады. Ыбырай әңгімелері оқушылардың қызығушылықтарын оятатындары сөзсіз, ал жазушының идеялық мұратын шығармаларына сүйене отырып ашу, ол идеялардың мәнін түсіндіру үшін қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдері оқушылармен түрлі сабақтар өткізеді, 8 сынып оқушыларымен өткізген сабақтан тыс шаралары да көпшілікті қызықтырды, «Әке мен бала» әңгімесіне қойылған қойылымның тәрбиелік мәні зор. Бұл жердегі автордың идеясы «Аз жұмысты қиынсынсаң- көп жұмысқа тап боласың; азға қанағат ете білмесең- көптен құр қаласың» - дегенді білдіреді, сонымен бірге оқушылар қойылым барысында образға кіре біліп, шынайы ойнады. 
​5 сынып оқушылары көрсеткен қойылым «Жаман жолдас» әңгімесі, өте тартымды. Оқыту, тәрбиелеу маңызы орасан зор, қойылым идеясы 5 сынып оқушыларына адал дос пен жаман жолдастың айырмасын ажырата білуді үйрету. «Аю құлағыма ақыл сыбырлады: екінші рет тар жерде жолдасын тастап қашатын достармен жолдас болма» - делінген. Бұл әңгіме бүгінгі күнде де өзекті.
​«Таза бұлақ» сахналық көріністі 6 сынып оқушылары қойды, бұл жерде мәтіннің  мазмұны, тасқа жазылған «Әй, жолаушы, болсаң, осы бұлақтай бол!» - деген нақыл сөзді ширатып, мағынасын түсіндіріп тұр. Бұлақ тынбай ағады, алыс жерлерге барады, ол бара-бара кеңейіп, үлкейеді. Бұған басқа бұлақтар құйып, үлкен өзен болып кетеді, оның мәні мына ұғымда жатыр. «Сен де, адам, тынбай еңбек ет, еш уақытта жалқауланып тоқтап қалма, сонда сен де зорайып мұратыңа жетесің». Бұл бұлақ кім-кімнің болса да сусынын қаңдырады, ол үшін ешкімнен ақыл тілемейді, мұндағы идеяның негізі «Біреуге жақсылық етсең, ол жақсылығынды міндет етпе» - деген ұғым деп ұғу керек. Ал, бұлақ мұнша таза болмаса, адамдар сонша оған ынтық болмас еді. Бұлақ күні-түні тынбай ағып, тазаланып тұрғаны үшін оған құмар болады, бұл жағдайда: «Көңілінді, бойыңды осы бұлақтай таза сақта», - деген түсінікті, балалардың бойына байыптаудың маңызы зор болып тұр. 
​Биылғы оқу жылында да ағартушы-педагог Ыбырай Алтынсариннің 180 жылдық атаулы күніне орай, 08.09.2021 ж. - 20.09.2021ж. аралығындағы «Білім шырағын жаққан ұлы педагог- Ыбырай Алтынсариннің шығармалары білім мен тәрбиенің көзі» атты он күндіктің жоспары бекітіліп, он күндік аясында жоспарланған іс - шаралар өтіп жатыр. Апталыққа оқушылар мен мұғалімдер белсенді қатысуда  
Оқушылар ұлы педагогті, оның туындыларын қандай деңгейде білетіндерін білу үшін 4 сынып оқушылары арасында «Ыбырай Алтынсарин туралы қаншалықты білеміз?» тақырыбында сауалнама өткіздік. Сауалнамаға 68 оқушы қатысты. Сауалнаманың нәтижесі айтарлықтай болды. Ыбырай Алтынсарин қай жылы дүниеге келді? - деген сұраққа қатысушылардың 78 % дұрыс жауап берді, Ыбырайды кім тәрбиеледі? Бұл сұрақты  63% оқушы білетінін көрсетті, ал Ыбырай Алтынсарин кім болған? - деген сауалға 80 % оқушы, ағартушы-педагогтың танымал тұлға екендігін дәлелдеді. «Кел, балалар, оқылық!» өленінің авторы кім? - деген сұраққа оқушылардың 100 %, танымал өлеңінің авторы Ыбырай аталары екенін мүдірмей жауап берді. Осы өлеңді жалғыстыр, деген сауал бойынша, оқушылардың басым бөлігі, яғни 88 % сауалға қатысушылар жаңылмай жауап берді. Соңғы сұрақтың мазмұны төмендегідей болды, Ы. Алтынсариннің әңгімелерін көрсет, деген сауалға балалардың 65 % дұрыс жауап берді. Сауалнаманың нәтижесін зерделей отырып, осындай қорытынды жасадық. Жас жеткіншектер үшін Ыбырай танымал, олар ақынның  өмірі мен шығармаларынан бейхабар еместігін білдік. 
«Бай баласы мен жарлы баласы» әңгімесінде Ыбырай еңбекке деген қоғамдық таптық көзқарасты бейнелейді. Бұл әңгіме бойынша 9 сынып оқушылары қойылым көрсетті, мұғалімнің көздеген мақсаты балаларды өмір тануға, тіршілікке деген икемділіктері жайлы мәселеге мән беру болды. 
​Мектеп кітапханашылары оқырмандар назарын Ұлы тұлғалардың өмірімен, еңбек жолдарымен, шығармаларымен таныстырып, насихаттауды мақсат етеді. Кітапханада кез келген атаулы күндерге байланысты шаралар өтіп тұрады, Ыбырай атамыздың 180 жылдығына орай, оқушыларға арнайы көрме жасалынып, Ы. Алтынсариннің өмірбаянымен, шығармаларымен оқушыларды таныстырып, ағартушылық қызметі жайында мағлұмат берді. Оқушыларға «Ұлы дала жұлдызы» туралы презентация көрсетіліп, Ыбырай шығармаларының көркемдік ерекшелігі түсіндірілді. 
​Ы. Алтынсариннің шығармалары әр баланың жүрегіне кеңінен жол тапты. Ал, оның еңбегі қазақ халқының білім көкжиегінің кеңеюіне, рухани-мәдени жағынан гүлденуіне, экономикалық дамуына игі ықпал етті. Келешекке сенімі мол Ыбырай өмір көркі, болашақтың иесі – жастар деп ұқты.
​Ыбырай Алтынсариннің шығармалары жас жеткіншектер үшін де, жалпы оқырман қауым үшін де ағартушы, педагог-жазушының өнегелі өмірі мен әлеуметтік қызметінің тарихи маңызын, оның адамдық болмысын тереңірек түсініп, бағалауда айтарлықтай тағылымды деп санаймыз.

Просмотров: 1216


Добавить комментарий



Включить данные в подпись

Текст